www.bank-ombudsman.kz
office@bank-ombudsman.kz
+7 (708) 983-30-16
+7 (727) 983-30-16
ЖАҢАЛЫҚТАР Ескі жаңалықтар
Желтоқсан 02, 2020

 

 

Ипотекалық қарыз алушылар Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасының мәселелеріне қатысты қаржы реттеушісіне жүгінді

 

2 желтоқсанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры А. Терентьевтің қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен және қарыз алушылармен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бойынша, оның ішінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары (ХӘОТ) санатына  жататын ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері жайында айтылды.

 

 

Кездесу барысында А. Терентьев айтып өткендей, Елбасы –
Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда 2015 жылдан бері сәтті іске асырылып жатқан Бағдарлама шеңберінде ХӘОТ-қарыз алушыларға көмек және қолдау көрсетуге ерекше назар аударылуда.

         «2020 жылғы қаңтардан бастап ХӘОТ санаты бойынша Бағдарламаның талаптары бойынша өз қарыздарын бұрын қайта қаржыландырған әлеуметтік жағынан осал азаматтарды, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз баспанасы банктердің балансына өткен азаматтарды қолдауға бағытталған Бағдарламаға толықтыру күшіне енді. Бүгінгі күні банктерге қосымша қолдау шеңберінде әлеуметтік жағынан осал қарыз алушылардан 1 600-ден астам өтінім келіп түсті, 1 006 қарыз алушы оны борышты азайту, нақты төлем қабілеттілігін ескере отырып, қарыздарды өтеу кестесін белгілеу түрінде алды, - деді Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры.

Ол проблемалық қарыз алушыларды қамту мақсатында 2020 жылғы қыркүйектен бастап банктер оларға ХӘОТ-қарыз алушылар үшін көзделген талаптарды ұсынатын азаматтардың тізбесін кеңейтетін түзетулер қолданылатынын хабарлады. Бұл тізбеге ХӘОТ мәртебесі бар қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары болып табылатын қоса қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер мәртебесі бар, сондай-ақ еңбекке жарамсыздыққа әкелетін және қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары болып табылатын қоса қарыз алушыны, кепіл берушіні, кепілгерді қоса алғанда, ипотекалық кредитті өтеуге кірістерден айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың ауыр нысандары бар қарыз алушылар кіреді. 

Бұл аурулардың мынадай бес түрі:

1. 3-ші топтағы мүгедектігі бар кезде АИТВ инфекциясы;

2. туберкулезді менингит, сүйектер мен буындардың (омыртқа мен жамбас) туберкулезі, жалпыланған туберкулез, кең таралған дәріге төзімді туберкулез, бактерия бөлінуі бар, сонымен қатар 1Г тобында бақылауда тұрған және симптоматикалық ем қабылдайтын өкпе туберкулезі;

3. мүгедектік тобының болуына қарамастан қатерлі ісіктер;

4. 3-ші топтағы мүгедектігі бар дәнекер тіннің жүйелі  зақымдануы;

5. 3-топтағы мүгедектігі бар орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық

аурулары.

         «Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін белгіленген. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін ипотекалық қарыз алушылар 2021 жылғы 15 маусымға дейін Бағдарламаға қатысушы банктерге өтініш беруі қажет», - деп А. Терентьев кездесуге қатысушылардың назарын аударды.

 

 

А. Терентьев Бағдарламаның екі бағыты жайында да қысқаша айтып берді.

Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 2004-2009 жылдар кезеңінде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген, 50 млн теңгеден аспайтын сомадағы ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жатады. Қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайды. Осы бағыт шеңберінде банктер қарыз алушының сыйақы, өсімпұл, айыппұл және комиссия бойынша берешегін есептен шығарады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша  2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банктер 179, 3 млрд теңге сомаға 28 574 қарызды қайта қаржыландыруды мақұлдады, оның ішінде 166 млрд теңге сомаға 27 510 қарыз қайта қаржыландырылды. Банктер қарыз алушылардың 151,4 млрд теңге сомаға сыйақы, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы (өсімпұлдар мен айыппұлдар) бойынша берешектерін есептен шығару жүргізді.

«Бағдарламаның талаптары бойынша өлшемшарттарға сәйкес келетін қарыз алушылар өздерінің ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру үшін Бағдарламаға қатысушы банктерге жүгінуі қажет», - деп атап өтті
А. Терентьев.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде қарыз алушылардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздары Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) Бағдарламаның тиісті мөлшерлемесіне сәйкес айырбастауға жатады. ХӘОТ үшін сыйақы мөлшерлемесі - 3%, қарыз алушылардың басқа санаттары үшін-12%.

Қаржы реттеушісінің деректері бойынша, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банктер 84,2 млрд теңге сомаға 9 324 валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруды мақұлдады, оның ішінде 74,1 млрд теңге сомаға 8820 қарыз қайта қаржыландырылды. Банктер қарыз алушылардың 92,1 млрд теңге сомасындағы сыйақы, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы (өсімпұлдар мен айыппұлдар) бойынша берешектерін есептен шығарды.

«Бағдарламаның осы бағытын іске асыру 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар Бағдарламаға қатысатын банктерге 2020 жылғы 15 желтоқсанға дейін өтініш жасауы қажет! Қалған валюталық қарыздарды банктер қарыз алушының өтінішінсіз бағам бойынша айырбастайды. Қарыз алушылар банктің қарызды айырбастау туралы хабарламасын алғаннан кейін 3 ай ішінде 30 жылға дейінгі мерзімге сыйақы мөлшерлемесімен өз қарызын қайта қаржыландыра алады», - деді А. Терентьев. 

Оның айтуынша, жалпы алғанда Бағдарламаның бірінші және екінші бағыттарын іске асыру шеңберінде 37,9 мыңнан астам азамат өз баспанасын сақтап қалды және өзінің борыш жүктемесін барынша азайтты.

«Қазіргі уақытта таратылатын «Астана Банкі» АҚ-тан және «Qazaq Banki» АҚ-тан алған қарыз алушылардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру/айырбастау бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы қарыздар «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ-қа беріледі. Сондай-ақ «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы азаматтарға Бағдарлама талаптарымен бұрын «Астана Банкі» АҚ және «БТА Банк» АҚ балансына өткен баспана жалға берілетін болады», - деп қорытындылады А. Терентьев. - Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру мерзімдері шектеулі. Қарыз алушылардан Бағдарламаға қатысушы банктерге өтініш беруді кешіктірмеуді сұраймын».

«Біз әр жағдайды жеке қарап, қиын жағдайда қалған әрбір қарыз алушыға көмек беруге дайынбыз. Ол үшін қоғамдық бірлестіктер мен банктік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен аптасына кемінде екі рет кездесу өткіземіз. Агенттік кез келген сындарлы ұсыныстарды тыңдауға және адал қарыз алушыларға көмек беруге әрқашан дайын», - деп қорытындылады қаржы реттеушісінің өкілі.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін қолданып жатқан шаралары үшін қаржы реттеушісіне алғысын білдірді. «Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мәселелері қарау барысында жалғыз баспана басты фактор болуға тиіс, банктер бұл бағытта жан-жақты шара қабылдауға тиіс», –  деп атап өтті олар кездесу барысында.

«Біз Агенттікке істеген жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз. Ипотекалық қарыз алушылардың көптеген нақты проблемалары шешілді. Біз өзіміздің алғыс хатымызды Мемлекет басшысына және Агенттік Төрағасына жібердік. Соған қарамастан,  Агенттікпен бірлескен іс-қимыл арқасында шешуге дайын бірқатар проблемалар қалып отыр», - деді  «КӘУСӘР-БҰЛАҚ» әлеуметтік көмек орталығы» ҚҚ басшысы Ұлданай Қамбарова.

Еске сала кетейік, Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша өз сұрақтарыңызға https://fingramota.kz/credit/refinancing/ сілтемесі бойынша, «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде кері байланыстың көмегімен жауап алуға болады.

Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша азаматтарды аптасына екі рет қабылдайды. Жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электрондық поштасына мынадай деректерді: ТАӘ, ЖСН, байланыс деректерін, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша сипаттамасын жіберу және «Қабылдауға жазылу» деген тақырыбын міндетті түрде көрсету қажет.

Консультация алу үшін қарыз алушылар Агенттіктің жедел желісіне: +7 (727) 237 1000 (Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін) немесе App Store: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211 және PlayMarket: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank. appeals сілтемелері бойынша жүктеуге болатын  «Fingramota Online» («Ипотекалық кредиттер» бөлімі) мобильдік қосымшасы арқылы өтініш жасай алады. Сондай-ақ «Fingramota Online» мобильдік қосымшасының веб-нұсқасы қолжетімді.

 

Басқада жаңалықтар