20 қазанда Парламенттік тыңдаулар шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі Агенттік шаралары туралы айтып берді.
Қаржы реттеушісінің басшысы атап өткендей, 90 күннен аса мерзімі өткен қарыздар деңгейі 5,2%-ды немесе 0,5 трлн теңгені құрады. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе қарыз алушылардың жалпы санының 7%-ын құрады. Микроқаржы секторында қарызының жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын проблемалық қарыз алушылар саны 347 мың адамды құрайды.
Азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін Агенттік іс-шаралар кешенін іске асыруда.
Бірінші басымдық – банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті.
Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады. Бұдан басқа ірі сомадағы тұтынушылық қарыздарды беруді шектеу үшін тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттері белгіленетін болады.
Екінші бағыт – қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісінше бағалауды қамтамасыз ету. Тиісті кірісі жоқ азаматтарға кредит беру негізгі проблемалардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты 2020 жылдан бастап банктер мен МҚҰ-ға қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) есептеу талабы енгізілді. БЖК қарыз алушының барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемін кірісінің 50%-ы деңгейінде шектеді.
Қадағалау іс-шаралары нәтижесінде Агенттік қазіргі кезде қолданылып жүрген 12 өлшемшарттан қарыз алушыда тұрақты кірісінің болуын көрсетпейтін қосымша 4 өлшемшартты алып тастауды жоспарлап отыр. Олар: коммуналдық қызметтер шығыстары, интернет-дүкенде сатып алу, мүліктің және депозитте ақша қалдығы сомасының болуы.
Сонымен бірге БЖК есептеу бойынша талаптар барлық қарыз алушыға және жеке тұлғалардың барлық қарызына қолданылатын болады. 21 жасқа толмаған азаматтарға кредиттер беруді шектеу үшін кредиттер ресми кірістері расталғаннан кейін ғана берілетін болады.
Үшінші негізгі бағыт онлайн-микрокредит беру сегментінің шамадан тыс өсуін шектеу болып табылады. Бүгінгі күні онлайн-микрокредиттердің көлемі 197 млрд теңгені құрайды, қарыз алушылар саны 1,09 млн адамға жетті, оның ішінде 297 мың адамның 37 млрд теңге сомаға проблемалық микрокредиттері бар.
Агенттік 45 күнге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға берілетін микрокредиттердің ерекше түрін алып тастау, сондай-ақ барлық микрокредиттер бойынша бірыңғай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу туралы мәселеге бастама жасады. Онлайн-микрокредиттеу компаниялары барлық МҚҰ үшін бірыңғай сыйақы мөлшерлемесі бойынша кез келген мерзімге микрокредиттер бере алады.
Нарықты заңнама талаптарын орындамайтын жосықсыз субъектілерден тазарту мақсатында онлайн-микрокредит беретін компаниялардың ең төмен меншікті капиталына қойылатын талаптар 100 млн теңгеден 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 200 млн теңгеге дейін көтерілді. Ең төмен меншікті капиталға қойылатын талаптарды одан әрі кезең-кезеңімен көтеру жоспарлануда.
Шамадан тыс кредит алуды төмендету үшін төртінші басымдық азаматтарға проблемалық берешекті қайта құрылымдау бойынша жағдайлар жасау болып табылады.
2021 жылдан бастап қолданыстағы проблемалық берешекті сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібі шеңберінде банктер мен МҚҰ-дан халықтың проблемалық кредиттерін азайтудың жеке жоспарлары талап етілді, олар ағымдағы жылы жаңартылды. Жоспарлар шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін борыш сомасы 275 млрд теңгені құрайтын 1,45 млн қарыз алушы қамтылатын болады.
Төлем мерзімін өткізіп алған қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем мерзімі 90 күннен асқан жеке тұлғалардың тұтынушылық қарыздары мен микрокредиттері бойынша айыпақы және комиссиялар есептеуге заңнамалық тұрғыдан тыйым салу енгізілді. 2022 жылдың басынан бастап жаңа қарыздар бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды. Агенттік барлық қолданыстағы, оның ішінде бұрын жасалған тұтынушылық кредиттерге төлем мерзімі 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салуды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі.
Бесінші бағыт – коллекторлық ұйымдардың қызметін реттеу. Нарықты жосықсыз субъектілерден тазарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу негізгі шара болып табылады. Банктер мен МҚҰ жеке тұлғалардың қарыздарын коллекторлық агенттіктерге айтарлықтай жеңілдікпен сатады. Өз кезегінде, коллекторлар берешекті қайта құрылымдауды жүргізбей, борыштың тұтастай сомасын өндіріп алады.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Агенттік коллекторлық агенттіктерге азаматтардың тұтынушылық банктік кредиттері мен микрокредиттерін сатуға тыйым салуды ұсынады.
Бұл шектеулерді енгізу коллекторлық нарықтың толық тоқтауын білдірмейді. Коллекторлар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ оларды өндіріп ала береді. Бұл кредиттер қаржы ұйымдарында болады және олар проблемалық борышкерлермен жұмыс үшін жауапты болады. Бұдан басқа, коллекторлар дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың стрестік активтерін басқару жөніндегі сервистік компаниялардың рөлін атқара алады.
Ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын алтыншы бағыт шеңберінде қорғау мақсатында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынады. Сонымен бірге, банктерге өндіріп алу нәтижесінде меншігіне өткен баспананы жалға беру мүмкіндігі беріледі. Қарыз алушылардың шұғыл қажеттіліктерге қажет ақшаға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қарыз алушының шотында бір ең төмен жалақыдан кем болмайтын ақша қалдығын өндіріп алудан қорғауды қамтамасыз ету ұсынылады.
Әскери қызметшілерді қорғауды күшейту кредиттер бойынша сыйақы есептемей, мерзімді әскери қызметтің тұтастай кезеңіне кредиттер бойынша төлем мерзімін міндетті кейінге қалдыруды енгізу жоспарлануда.
Тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды шешу тетігін жетілдіру мақсатында азаматтардың барлық кредиттері бойынша дауларды қарау үшін Банк омбудсманы институтының өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады.
Жетінші бағыт – қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Азаматтарды жалған микрокредиттерден қорғау үшін 2022 жылы наразылық-талап қою жұмысын тоқтату және барлық алаяқтық кредиттер бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұру туралы талап енгізілді.
Қаржы алаяқтарының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу маңызды мәселе болып табылады. Осыған байланысты, Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамалық шаралар кешенін дайындады. Бұл кешен банктер мен МҚҰ-ның мобильдік қосымшалары мен ақпараттық жүйелерінің киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтуді, Ұлттық Банкпен бірлесіп бірыңғай Антифрод-орталық құруды, азаматтардың кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуын енгізуді, ақпараттық қауіпсіздік рәсімдерін бұза отырып жүргізілген алаяқтық операциялар бойынша клиентке келтірілген залалды өтеуді немесе оған қойылатын талаптарды тоқтату жауапкершілігін, сондай-ақ жасырын телефон нөмірлерін пайдаланғаны, абоненттік нөмірді ауыстырғаны және үшінші тұлғаларға бергені үшін ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін заңнамалық деңгейде енгізуді қамтитын атап көрсетілген мәселелерді шешуге бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарын жүйелі деңгейде қорғау үшін Агенттікке тұтынушының мүддесіне сәйкес келмейтін қаржы өнімдерін беруді шектеу бойынша өкілеттіктер беру жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленетін болады.
Сондай-ақ басым бағыттардың бірі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Агенттік «AMANAT» партиясымен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын еліміздің барлық өңіріне кеңейту жұмысын жүргізуде, қаржы ұйымдары осы жобаға белсенді түрде қатысуда.
Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/639589?lang=kk