Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігімен, Ұлттық төлем корпорациясымен, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп ұлттық төлем жүйесі мен цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелері және екінші деңгейлі банктердің экономиканың нақты секторына кредит беруін кеңейту жөнінде кеңес өткізді.
Жиында экономиканы кредиттеуді кеңейтудің маңызды бағытының бірі – синдикатталған кредиттеу тетігі арқылы нақты сектордың «ұзақ ақшаға» қол жеткізуін қамтамасыз ету екені айтылды. Заңнамаға енгізілуі қажет түзетулер Парламенттің қарауына жіберілді, қаржы секторын реттейтін ынталандыру шаралары әзірленді, іріктелген инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін жобалау кеңсесі тұрақты түрде жұмыс істейді.
Синдикатталған кредиттеуді дамыту мақсатында Жобалық кеңсенің рөлін күшейтіп, қаржыландыруға байланысты құжаттаманы стандарттау үшін, сондай-ақ банктер мен даму институттарының экономиканы әртараптандыруға және екінші деңгейлі банктердің ресурстарын синдикатталған кредиттеуге барынша тарту үшін олардың қатысу шарттарын айқындау мәселелері қосымша пысықталатын болады.
Ұлттық төлем жүйесі мен цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша қатысушыларға цифрлық теңгені айналымға енгізу, банкаралық төлем карточкалары жүйесін және Ашық банкинг жүйесін дамыту, жалған транзакциялар туралы дерек алмасу орталығын құру бойынша пилоттық жобаларды іске асырудың алдын ала нәтижеслері таныстырылды.
Бірқатар ЕДБ-мен бірлесіп Оpen API платформасы аясында тұтынушылардың келісімімен шоттар туралы деректер алмасу бойынша пилоттық жобалар басталды.
2024 жылы нарық қатысушыларымен бірге іске қосылған жүйелер мен жобаларды, Банкаралық төлем карталары жүйесін және Жедел төлемдер жүйесін масштабтау жоспарланып отыр. Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі аясында нарықтың жаңа қатысушыларын қосу, интернетке қол жеткізусіз есеп айырысуларды енгізу, мемлекеттік есеп айырысулардың тиімділігін арттыру және инновациялық сервистерді құру үшін смарт-келісімшарттарды қолдану көзделген. Open API платформасы төлемдер мен аударымдарды жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Антифрод орталығының функционалдығы кеңейтіліп, API көмегімен автоматтандырылған деректер алмасу қамтамасыз етіледі.
Ұлттық Банк тиімді бәсекелестікті ынталандыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ цифрлық форматта қаржылық қызметтер көрсетудің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығының барлық қатысушысы үшін тең қолжетімділік қағидаттарында цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытады.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz