www.bank-ombudsman.kz
office@bank-ombudsman.kz
+7 (727) 261-22-16
+7 (708) 983-30-16
+7 (727) 983-30-16
Қаржылық сауаттылықты бірге арттырайық!  

        

       Қаржылық сауаттылықты бірге арттырайық!  

Уақыт қашан да өз әмірін жүргізеді. Заман ағымына қарай қаржы әлемі де күннен күнге өзгеріп отырады. Осы әлемде дұрыс бағдарлану, өз қаражатыңызды тиімді басқару үшін қаржылық сауаттылық деңгейіңізді үнемі көтеріп отыру, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен  құқықтық саладағы білімді толықтырып отыру - уақыт талабы.   

 

Ең алдымен «қаржылық сауаттылық» деген ұғымға не кіретінін анықтап алайық. Бұл бағалы қағаздар нарығының, валюта нарығының немесе экономикадағы күрделі процестердің барлық қыр-сырлары мен ерекшеліктерінен  үстірт хабардар болуды білдірмейді. Қаржылық сауаттылық – бұл бірінші кезекте өз ақшаңызды сауатты басқаруды білдіреді. Қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға әкеледі, тұтынушылар үшін ақпаратқа қол жеткізу аясын  кеңейтеді, сондай-ақ халықты қаржылық көрсетілетін қызметтермен қамтуды және қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Қаржылық көрсетілетін қызметтердің қарқынды дамуы, бөлшек өнімдерді онлайн-форматқа және жаңа цифрлық технологияларға түрлендіру, неғұрлым күрделі және сонымен бір мезгілде тәуекелді қаржы құралдарына сұраныстың артуының заманауи жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері де үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Халықтың қаржылық білімін арттыру қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі болып табылып, халық пен бизнестің қаржылық көрсетілетін қызметтерге үздіксіз қол жеткізуінің, қаржылық тұрақтылық пен қоғамдық әл-ауқатты қамтамасыз етудің шарты болып табылады.

Қаржылық сауаттылық деп мынадай құрамдас бөліктердің жиынтығы түсініледі: қаржылық көрсетілетін қызметтер мен құралдарды пайдалана білу; меншікті қаржы қаражатын басқару дағдылары; халықтың қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сондай-ақ қаржылық көрсетілетін қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы хабардар болу деңгейі. Осылайша, халықтың қаржылық сауаттылығының жоғары деңгейі азаматтардың өмір деңгейінің жоғарылауына, жеке инвесторлардан қаражаттың ел экономикасына келуіне, қаржы нарықтарындағы бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықтың нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

 

Анықтама үшін: 2020 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы № 338 қаулысымен қабылданды.

Тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 26 ақпандағы Хаттамалық тапсырмасының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы 1.1.3-тармағын орындау үшін дайындалды және Тұжырымдама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық сауаттылықты арттыру стратегиясын әзірлеу және іске асыру жөніндегі ҚР Жол картасы шеңберінде әзірленді.

Осы құжат халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру саласындағы басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді, мақсаттарға тиімді қол жеткізу және міндеттерді шешу тәсілдерін, нысаналы аудиторияларды, тақырыптық бағытты және 2020 – 2024 жылдардағы кезеңде ҚР халқының қаржылық сауаттылығын жоспарлы түрде арттыру үшін пайдаланылатын құралдарды айқындайды.

Тұжырымдаманы іске асыру қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық білімін жақсартуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қаржы өнімдеріне қолжетімділікті жеңілдетуге, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

 

Қаржылық сауаттылықты шартты түрде үш санатқа, басқаша айтсақ үш тармаққа бөлуге болады.

 1. Біріншісі  – бұл қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларын, интернет-банкингті пайдалану үшін, кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл және т.б. үшін қажетті техникалық білім.

2. Екіншісі  – құқықтық сауаттылық. Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде өз құқықтарын білу, қаржы ұйымдарымен жасалған шартты оқи білу және түсіне білу, заңнаманы білу сізді болашақта көптеген күтпеген жағдайлардан сақтандыруы мүмкін.

3. Және де ең негізгісі  – бұл қаржылық жоспарлау. Үшінші тармақ – меншікті қаражатыңызды жүргізе білу, жеке немесе отбасы бюджетін басқару бойынша  дұрыс және сараланған шешім қабылдау.

Осы санаттардың әрқайсысымен толығырақ танысайық.

 

Техникалық сауаттылық

Қарапайым гигиена қағидаларының болғаны сияқты, цифрлық ақша саласында да онлайн режимінде сатып алулар мен банктік аударымдарды жүзеге асыруға ниеттенген әрбір адам білуі тиіс киберқауіпсіздіктің өзіндік базалық ұғымдары бар. Жыл өткен сайын гаджеттердің көмегімен түрлі қаржы операцияларын жасайтын пайдаланушылар саны өсуде. Біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі болып енген заманауи технологиялар  қолайлығымен қоса, сенгіш пайдаланушылардан ақша алудың түрлі тәсілдерін үнемі жаңартып отыратын  виртуалдық қылмыскерлер де істеріне кірісе бастады.

Қаржы алаяқтарына алданып қалмау үшін қарапайым кибергигиена ережелерін есте сақтау қажет:

  1. Фишингтің құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелерге көшпеңіз.
  2. Домен атауы мен хаттаманың дұрыстығын тексеріңіз (https:// - қорғалған, http:// - жоқ).
  3. Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге тіс жармаңыз және ешқайда жарияламаңыз.
  4. Желідегі күмәнді ұсыныстарды елемеңіз (жолыңыз болды, сізге біреу мұрасын қалдырды, ұтыс ойынынан, лотереядан, акциялардан және т.б. ұтып алдыңыз деген сияқты). Өздеріңіз білетіндей, тегін жатқан ешнәрсе жоқ.
  5. Аккаунтарыңызды күрделі парольдермен қорғаңыз (әр қосымшаға, поштаға немесе сайтқа бірегей парольді, банктердің мобильді қосымшаларын енгізу кодтарын қойыңыз).
  6. Интернет-әмияныңызға оң әсер етуі мүмкін бонустар, кешбэктер, қаржы ұйымдарының акциялары жүйесінен қалай пайда табуға болатындығын біліңіз.

 

Құқықтық сауаттылық

            Кез келген құжатқа қол қоя отырып, сіз онда жазылғанның бәріне толық келісесіз. Шартқа қол қоя отырып, сіз барлық міндеттемелерді өз мойныңызға аласыз. Ақша істеріндегі ұқыпсыздықтың алдын ала болжанбайтын және әрқашан сәтті бола бермейтін салдарлары болуы мүмкін.

Мұндай мәселелерге ешқашан асықпау керек. Кез келген шартты мұқият оқып шығу, барлық талаптармен танысу, қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде шартта сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз қаншалықты қорғалғанын, онда қандай міндеттемелер жазылғанын, қандай тәуекелдер бар екенін талдау қажет.

Егер сіз шартқа қол қоюға күмәндансаңыз, онда істі кәсіби маманға сеніп тапсырыңыз. Мысалы, құжатты сауатты заңгерге көрсетіңіз.

  1. Сіздің қаржылық қызметтерді тұтынушы құқықтарыңыз заңмен реттелетінін біліңіз. Егер қаржы ұйымы уәкілетті органның бақылауында болса, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, онда сіз қаржы реттеушісіне жүгіне аласыз. Әрбір өтініш бойынша құжаттық тексеру жүргізіледі.
  2. Соңғы заң жобалары туралы хабардар болу үшін қаржылық жаңалықтар мен материалдарды жиі оқып тұрыңыз. Сонымен қатар, сіз үнемі жаңартылып отыратын жаңалықтар таспасы бар «Fingramota Online» қосымшасын ұялы телефонға жүктей аласыз және push-хабарламасын теңшей аласыз. «Fingramota Online» пайдаланушыларына алғашқылардың бірі болып қаржы реттеушісінің қызметі туралы, қаржы нарығындағы жағдай, заңнамалық бастамалар және Қазақстанның қаржы заңнамасындағы өзгерістер туралы жедел ақпарат қолжетімді.

 

Қаржылық жоспарлау

Бұл адамға жолдан тайып кетпеуге және өз мақсатына жетуге жәрдем беретін өте қуатты құрал. Егер сіз қаржылық жағдайыңызды жақсартқыңыз, армандарыңызды, мысалы, жаңа үй, автомобиль сатып алуға немесе балалардың оқуына ақша жинақтауды жүзеге асырғыңыз келсе, – болашаққа жоспарлар жасаудан бастау қажет. Бұл жоспарлар межелі жерге жету үшін басшылыққа алатын карта сияқты. Қаржыны жоспарлаумен айналыса отырып, өз қаржылық жағдайыңның толық көрінісін көруге және шығыстардың немесе кірістердің қандай баптарын бақылау қажет екенін нақты бағалауға болады.

Қаржылық мақсаттарға жету үшін парасаттылық білдіру, ойланбай сатылып алуға немесе кредит алуға жол бермеу қажет. әсіресе шектеу шаралары қолданылатын кезеңде кредиттерден және басқа борыштардан бас тартқан дұрыс болады. Тұрақты негізде ақша жинақтауды ұмытпаңыз, әрбір адамда қаржылық қауіпсіздік жастығы – жұмсалмайтын қор болуға тиіс.

Fingramota.kz-тен бірнеше ұсыным:

  1. Аса қажет болмаса, тұтынушылық кредиттер алмаңыз. Іс жүзінде қажет болатын заттар ерекшелік болады (Мысалы. Балаларды қашықтан оқыту үшін компьютер, машинаға арналған қысқы шиналар және т.с.с.), Қалған жағдайларда жеке бюджетке түсетін қосымша ауыртпалықтан бас  тартқан жақсы.
  2. Қаржылық қызметтерді таңдау кезінде нарықты мұқият зерделеңіз және мониторинг жасаңыз, сіз үшін неғұрлым тиімді жағдайларды іздеңіз.
  3. Резерв жасаңыз. Бюджетті жүргізу, кірістер мен шығыстарды есепке алу, ақша жинақтау сізге неғұрлым жинақы болуға, банктерден немесе басқа қарыз берушілерден артық көмек сұрамауға көмектеседі.
  4. Өз қаржыңызды күмәнді ұйымдарға сенім тапсырмаңыз. Сіз қаржы алаяқтарының қақпанына және қаржы пирамидаларына түсіп қалуыңыз мүмкін.
  5. Инвестициялауды үйреніңіз. Ақшаны сақтау жартылай біткен іс, оны көбейте білу қажет. Іс жүзінде қаржы жағынан тәуелсіз адам болу үшін инвестициялау өнерін үйрену қажет. Бұл мәселеде әртараптандыру да маңызды –  қысқаша айтқанда, «жұмыртқаларды бір себетте» сақтамаңыз. Әдетте, ақшаны ақша тартады. Ақша сізге жұмыс істесін.

Қаржылық сауаттылық – бұл қаржылық мақсаттарға қол жеткізудің кілті екенін есте сақтаңыз!

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Қазақстан Қаршыгерлер Қауымдастығы
Бірінші кредиттік бюро
Сақтандыру Омбудсманы
Ресей Федерациясының Қаржы омбудсмені