Қаржылық жағдай нашарлауы мүмкін түрлі күтпеген жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Жағдайлар әртүрлі: жұмысынан айрылу, жалақының төмендеуі, денсаулыққа қатысты проблемалар — бұл кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Соның салдарынан кредитор алдында өзінің қаржылық міндеттемелерін орындаудың мүмкін еместігі туындайды.
Қандай қадамдар жасау керек және сіздің қарызыңызды реттеу туралы не білуіңіз керек Fingramota.kz айтып береді.
Мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы - жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микроқарыздарын қайта құрылымдау мәселелерін тікелей кредиторлармен шеше алады. Қазақстандықтар мұндай мүмкіндікті 2021 жылы алды.
Мәселен, ҚР Заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың (банктің немесе микроқаржы ұйымының) қарыз алушы жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі енгізілді. Осы режимге сәйкес кредиторлар қарыз алушыны туындаған мерзімін өткізіп алу туралы мерзімі өткен сәттен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар қарыз алушыны туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі туралы хабардар етуге, олардың өздеріне жүгіну құқығы және кредиттер мен микроқарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.
Егер қарыз алушының кредит бойынша мерзімі өткен берешегі болса, ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен қызмет көрсететін қаржы ұйымына жүгінуі керек.
Қарыз алушы өз өтінішінде мыналарды көрсетуі қажет:
1. Өз міндеттемелерін орындамау себебі. Қолыңызда өз қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттардың болуы маңызды.
2. Міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқалары. Қарыз алушы кредиторға, мысалы: сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуді, төлемді кейінге қалдыруды, шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгертуді, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) жоюды, өзінің қаржылық жағдайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін жасауды немесе кепіл мүлкін өз бетінше сатуды ұсына алады.
Банк қарыз алушының өтінішін қабылдауға, ҚР заңнамасына сәйкес 15 күнтізбелік күн ішінде тіркеуге және қарауға және мыналар:
1) шарттың талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісу;
2) шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;
3) себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тарту жайлы қабылданған шешім туралы жауап беруге міндетті.
Алғашқы екі тармақ бойынша шешім қабылдаған кезде кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде шарттың талаптарына өзгерістер енгізеді.
Шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарыз алушы Агенттікке жүгінуге құқылы.
Егер сіз ипотекалық кредит үшін төлем жасамасаңыз не болады?
Егер қарыз алушы ипотеканы төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаса, кредитор кепіл мүлкін соттан тыс не сот тәртібімен сата алады.
Кепіл ұстаушы борышкерге жылжымайтын мүлікті соттан тыс тәртіппен өткізуді жүргізудің басталғаны, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікке сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Кепіл беруші жылжымайтын мүлікті өткізуді жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде кепіл ұстаушының алдында көрсетілген мүлікті дербес өткізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Ипотека туралы Заңның 20-1-бабына сәйкес 2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда кепіл ұстаушының өтінішхаты бойынша кепіл берушіге кепіл мүлкін ең төмен бағадан төмен емес бағамен үш ай ішінде дербес өткізу мүмкіндігін беру міндеті енгізілді.
Кепіл ұстаушы белгілейтін кепіл мүлкін өткізудің ең төменгі бағасы жасалған күнінен бастап 6 айдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау құнының 75%-ын құрауға тиіс. Бағалау ҚР бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.