Сіздердің назарларыңызға алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне келіп түскен азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптарды ұсынамыз.
Агенттік азаматтармен жедел қарым-қатынас жасау үшін байланыстың барлық түрлерін пайдаланады. Халыққа қаржы реттеушісінің, реттелетін субъектілердің қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте «1459» нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді. Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша консультациялар ала алады, шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жедел шеше алады және қаржы пирамидалары туралы хабарлай алады.
Пайдаланушылар өз сұрақтарын тікелей Агенттікке «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы жібере алады. Онда 14 тақырыптық бөлім бар, олардың бірі «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» деп аталады. Осы бөлім арқылы қаржы пирамидалары туралы хабарлауға, сіз тап болған түрлі алаяқтық схемалармен бөлісуге және күмәнді ұйымдардың қызметі бойынша консультациялар алуға болады.
Сұрақ: Интернетте маған бір онлайн-жоба арқылы ақша табу ұсынылды. Олар шетелдік қор нарықтарындағы инвестициялармен айналысады, барлығы заңды. Ол үшін маған «кіру», яғни платформаға кіру үшін ғана ақы төлеу керек. Бағасы соншалықты қымбат емес, шамамен
15 мың теңге. Бұл ақша, онлайн-жобаны ұйымдастырушылар маған айтқандай, кепілдіктің бір түрі, ол менің депозитімде болады, содан кейін оны шығарып ала аламын. Инвестициялық платформаға рұқсат алғаннан кейін, 5 мың теңгеден басталатын шағын сомадан инвестициялауды бастай аламын. Ал менің табысымды шамамен күн сайын 20-30 мың теңге деп есептеп берді.
Негізінде, ақша аудару мен үшін қиынға соқпайды, алайда бұл жоба алаяқтық жоба ма, қаржы пирамидасы ма деген ой маза бермейді. Бірақ екінші жағынан, олар бірнеше адамды өзіммен бірге алып келуімді сұрамайды...
Жауап: Заманауи қаржы пирамидалары күмәнді талаптармен жоғары табысты инвестициялық онлайн-жобалардың атын жамылуы мүмкін. Мұндай қаржы пирамидаларының қолданыс циклі қысқа – бірнеше айға дейін, және олар жаңа қатысушыларды өзімен бірге әкелуге шақырмайды. Бұл олардың классикалық пирамидалардан айырмашылығы. Мысалы, желіде сізді жоғары табыс таба аласыз деп сендіре отырып, қандай да бір жобаны инвестициялауды сұрайды. Алайда, бірнеше қатысушыдан қаражат жинағаннан кейін ұйымдастырушылар жобаны жауып, жоқ болып кетеді. Қаскүнемдер алданған адамдар аз ғана ақша қаражаты үшін құқық қорғау органдарына жүгінбейді деп санайды. Көбіне солардың ойлағанындай болып шығады, сондықтан пирамида жасаушылар жаңа жобаны сол схема бойынша қайта, бірақ басқа атаумен ашады, осылайша айналып жүре береді.
Мұндай қаржы пирамидаларын қолдау үшін үнемі ақша қаражатының түсімі қажет. Ақшаның келіп түсуі тоқтаған кезде, пирамида жұмысын тоқтатады.
Өзіңіз түсінбейтін құралдарға ақша салу арқылы тез және жоғары табыс көзіне кенелесіз дегенге сенбеңіз. Пирамида жасаушылар кәсіби әлеуметтік инженерлер болып табылады және олардың онлайн-жобаларына ақша салған жағдайда тез арада байып, әдемі өмір сүресіз деп жалған үміт сыйлайды. Сондай-ақ, олар сіздің күнделікті пайдаңыздың қалай өсетінін көрсететін графиктерді салады. Есіңізде болсын: тек алаяқтар инвестициядан кіріс алуға кепілдік бере алады!
Қаржы пирамидаларының құрбанына айналмас үшін олардың ерекше белгілерін білу керек:
1) қысқа мерзім ішінде салынған ақша қаражатынан әлдеқайда жоғары пайда алуға уәде беру;
2) жинақтау бағдарламасына ақшалай жарна енгізу талабы;
3) қаражатты «жеке менеджердің» банк картасына аудару туралы өтініш жасау;
4) лицензия туралы ақпарат беруден бас тарту немесе оның болмауы;
5) компанияның сайтында меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы; интернетте компания туралы пікірлердің болмауы;
6) әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама;
7) менеджердің жасырын нөмірден не әр түрлі телефон нөмірлерінен кез келген уақытта қоңырау шалуы.
Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыратын барлық қаржы ұйымдары
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында және тиісті лицензиясы бар. Лицензияның болуын қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында тексеруге болады. Осылайша, егер ұйым сізге қор нарығында өз қызметін жүзеге асыруға лицензиясын көрсетсе, ал Агенттіктің веб-сайтында ол болмаса, онда бұл – алаяқтар. Егер сіз алаяқтарға сеніп, оларға ақшаңызды аударған болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Қырағы болыңыз!
Сұрақ: Олармен өзара іс-қимыл жасауға болмайтын ұйымдардың «қара тізімі» бар ма?
Жауап: Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, бірден ескертеміз, қаржы реттеушісінде «қара» немесе «ақ» тізімдер жоқ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін тұрақты негізде жаңартып отырады. Онымен Сіз Агенттіктің интернет-ресурсында мына сілтеме бойынша таныса аласыз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/318075?lang=ru.
Тізімге қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясынан тыс 154 субъект кіреді.
Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, азаматтық қоғам институттары болып табылатын мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде қалыптастырылған.
Осыған байланысты, Агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасаған жағдайда, азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалту қаупі өте жоғары!
Сұрақ: Мен достарым кеңес берген бір брокерге сендім, ол маған басқа компанияларға қарағанда бірнеше есе көп кіріс алуға уәде берді. Онымен келісім жасастым, ол келісімді электронды пошта арқылы жіберді, оған көп ақша аудардым. Ол күн сайын маған жақсы жұмыс істегенімді көрсететін кестелер жіберді. Мен ақшаны алайын деген кезде, олар менен төлем жасауды талап етті. Келесі күні брокер байланысқа шықпады... Содан кейін мен олардың алаяқтар екенін түсіндім. Енді мен не істеуім керек?
Жауап: Егер сіз жалған брокерлердің құрбаны болсаңыз, онда сіз құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз керек!
Айта кету керек, соңғы уақытта жалған брокерлердің және инвестициялық делдалдардың жұмысы жандана түсті, олар өздерін табысты және перспективалы компаниялардың қызметкерлері ретінде көрсетеді, бірақ оларда қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы болмайды.
Брокерлер – бұл биржадағы сауда-саттыққа қол жеткізе алатын арнайы делдалдар. Бұл лицензияланатын қызмет түрі. Сондықтан сізге, бірінші кезекте, брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға Агенттік берген лицензиясының болуын тексеру қажет. Қаржы реттеушісінің www.gov.kz интернет-ресурсында көрсетілген брокердің барлық деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуі тиіс.
Жалған брокерлер – бұл қаржы нарықтарындағы сауда-саттықтың тартымды шарттарын ұсынатын тапқыр алаяқтар. Олар клиенттерден мүмкіндігінше көп ақша алуға тырысады, содан кейін іздерін суытады.
Алаяқтар аңғал азаматтарға қатысты қандай жосықсыз әрекеттер жасайды?
Сұрақ: Қазір жазғы демалыс уақыты, көптеген балалар компьютерде отырады, түрлі онлайн-ойындар ойнайды. Балаларды кибер алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Жауап: Қазіргі заманның балаларына төніп тұрған қауіп - мобильді немесе компьютерлік ойындар сатып алу кезіндегі қаржылық алаяқтық. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға керек-жарақ, ең жоғары деңгейге дейтін жету немесе қандай да бір жаңа локацияларды бұзу үшін бонустар сатып алу ұсынылады. Әрине, бұл жеңілдікпен кез келген ойындарды сатып алуға немесе ақылы ойынды төмен бағамен жарнамасыз сатып алуға қызықтыратын ұсыныс. Алайда, мұндай сауданың барлығы қауіпсіз деуге болмайды. Қаскүнемдер осылайша өздерінің зиянды бағдарламаларын таратады. «Жеңілдікпен» сатып алған ойынымен бірге бала «вирустық» бағдарламаны жүктеп алуы мүмкін, ол дербес деректерді жинауы, оның ішінде қаскүнемдерге геодеректерді беруі мүмкін. Яғни, алаяқтар сіздің тұратын жеріңізді, жұмыс орныңызды, балаңыз оқитын оқу орны жөнінде, демалатын, уақытыңызды көп өткізетін жер, онлайн-сатып алатын заттарыңыз жөнінде және де көптеген басқа деректерге оңайлықпен қол жеткізе алады. Осылайша, киберқылмыскерлер үшін сізді және балаңызды қызықтыратын және айналысатын істеріңіз жөнінде білу түкке тұрмайды. Ал кейбір қосымшалар сонымен бірге алаяқтарға пошталық сервистерге, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік береді, бұл өте қауіпті, себебі олар сіздің банк картаңыз және шоттарыңыз туралы мәліметтер алулар мүмкін.
Балаларыңызға өз телефоныңызды, егер оған банк картаңыз, әсіресе, жалақы картаңыз байланысқан немесе онда басқа маңызды ақпарат болса, бермеңіздер. Сондай-ақ, телефоннан сауда жасауға шектеулер орнатып қою артық емес, және де балаңыз кездейсоқ ресімдеп қоюы мүмкін ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отыру қажет.
Ата-анасы карта ресімдеп берген және меншікті гаджеті бар ересек балаларға күдікті, лицензияланбаған қосымшаларды жүктеп алған жағдайларда оның салдарын түсіндіру қажет. Егер сіз балаңызбен бірлесіп онлайн-сатып алу жасауға бел бусаңыз, онда мұндай мақсаттарға карточканы жұмсауға арналған сомамен ғана толтырып, виртуалды карточканы қолданған дұрыс. Өз гаджеттеріңізге тек ресми дүкендерден қосымшаларды жүктеңіз. Электрондық поштаға және мессенджерлерге жіберілген белгісіз, қоса салынған файлдарды жүктемеңіз. Интернет-банкинг сервистерін қосатын құрылғыларда лицензияланған вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды пайдаланыңыз. Балаларыңызға кибиргигиенаны не үшін сақтау керектігін түсіндіріңіз, олармен желідегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы үнемі әңгімелесіп тұрыңыз.
Сұрақ: Менің кредиттік тарихым нашар әрі банктер де жаңа кредит беруден бас тартып отыр. Бұған балама жол іздей отырып, интернеттен мен сияқты адамдарға қарыз беріледі деген хабарландыру таптым. Бұл – мерзімі өткен кредиттердің әрі зейнетақы аударымдарының бар-жоғына қарамастан, банктерде немесе МҚҰ-да кредит алуға кепілдік беретін делдалдар. Бірақ олар өз жұмыстары үшін қарыздың жалпы сомасының 30%-ын сұрап отыр. Олардың қызметі заңды ма? Егер заңсыз болса әрі бұлар алаяқтар болса, онда оларды заңсыз жұмыс істейтін кредиттік ұйымдардың арасынан қалай анықтауға болады?
Жауап: Есіңізде болсын, кез келген кредит бұл – үлкен жауапкершілік. Бірақ егер сізге шұғыл түрде ақша керек болса әрі сіз кредит ресімдегіңіз келсе, онда банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға немесе микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға жүгінуіңізге болады. Олардың барлығының қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес реттеледі әрі міндетті түрде Агенттіктің лицензиясы бар.
Алайда нарықта «жалған кредиторлар» немесе кредиттік делдалдар деп аталатын заңсыз жұмыс істейтін компаниялар да бар. Олар көбіне «жеңілдікті онлайн-кредиттерді», «пайыздық мөлшерлемесі төмен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал кредиттерді» ресімдеу қызметтерін ұсынады. Олар үшін қарыз алушының кредиттік тарихының нашар болуы, кірісінің деңгейі, зейнетақы аударымдарының бар-жоғы, оның ресми түрде жұмыс істейтіні, оның зейнетақы аударымдарының бар-жоғы маңызды емес. Осындай алаяқтардың құрбаны бұл – «тиімді» кредиттер, шұғыл әрі оңай қарыз ақша іздеп жүрген адамдар.
Қолданыстағы кредиттері бар қарыз алушылар алаяқтардың басқа бір тобына тап болуы мүмкін, яғни олар кредитті төлеу міндеттемесін өз мойындарына алуды ұсынады. Ол үшін қарыз алушы қарыздың жалпы сомасының тек бір бөлігін, яғни 10-40%-ға дейін төлеуі қажет. Мысалы, егер қарыз алушының кредит бойынша берешегі 300 мың теңге мөлшерінде болса, онда бұл адамдарға небәрі 50 мың теңге төлегеннен кейін ол қарыздың бүкіл сомасын өтейді дегенге келтіреді. Алаяқтар бұл жағдайды банктерде және МҚҰ-да таныстарының барымен не өздерінің аталған ұйымдардың қызметкері болып жұмыс істейтінімен немесе тұрақты клиенттердің берешегін ішінара кешіруге қатысты әртүрлі науқандардың өткізілетінімен түсіндіреді.
Кредиттік делдалдар клиенттің мобильді телефонына нөмірлерді ауыстыратын арнайы сервистер арқылы кредиттің өтелгені туралы хабарлама жібереді. Не болмаса олар мерзімінен бұрын өтеу үшін, сақтандыру, картаны жеткізу үшін және т.б. мәселені одан әрі шешуге қажетті деп көрсетіп, қосымша ақша сомасын сұратуы мүмкін. Алаяқтардың сөзінше «қарызды беру рәсімін растау үшін», олар сондай-ақ қарыз алушыдан SMS кодты хабарлауын өтінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, бұл код – жеке басын растау үшін кредит беретін қаржы ұйымдарының қашықтан сервистері жіберетін код. Алаяқтар бұл кодты алғаннан кейін сіз оларға сіздің мобильді банкингіңізді, яғни ақшаңызды пайдалануға жол ашасыз.
Кейде кредитор алаяқтар расымен де сіздің шотыңызға ақша аударуы мүмкін, бұл ретте алдын ала төлем сұратпауы да мүмкін. Бірақ бұл ақшаны пайдалансаңыз, оның сіз үшін қауіпті болатынын ескерген жөн. Себебі уақыт өткеннен кейін нағыз банктен, МҚҰ-дан немесе коллекторлардан борышты өтеу туралы талап «ұшып келуі» мүмкін. Мәселе мынада жатыр, алаяқтар сіздің атыңызға кредит ресімдеп үлгерді, ал ақшаны, оның бір бөлігін шешіп алу не ақша аударымын жасау арқылы сіз кредитті пайдаланғаныңызды растайсыз.
Сонымен бірге, «жалған кредиторлар» қарыз алушының дербес кредиттік есебінен өткізіп алған мерзімдер туралы мәліметтерді және клиенттің тілегіне қарай өзге де ақпаратты жоюға болатынын көрсетіп, ондағы ақпаратты болмашы ақшаға тазартуды ұсынуы мүмкін. Ол үшін қаскүнемдер өз құрбанының төлем картасының деректемелерін қоса алғанда, конфиденциалдық деректерін сұратады. Алаяқтар қарыз алушылардың хабардар еместігін пайдалана отырып, кредиттік тарихтың небәрі 5 жыл сақталатынына әрі бұған дейінгі барлық қарыздың автоматты түрде жойылатынына сендіреді. Алаяқтар керек мәліметтерді алғаннан кейін бүкіл банктік шоттарды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізеді әрі онлайн-банкингтің көмегімен өз «клиентінің» атына ірі кредиттер ресімдейді.
Егер сіздің құжаттарыңыз бен өзге де дербес деректеріңіз алаяқтардың қолына түссе, онда олар сіздің банктік шоттарыңызды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізіп, сондай-ақ сіздің атыңызға кредит ресімдеуі мүмкін.
Банктік қарыз немесе микрокредит ресімдеуге көмектесетін клиенттер мен екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары арасында ешқандай делдал жоқ! Бұл сіздің ақшаңызды алғаннан кейін, телефонды өшіріп, жоғалып кететін алаяқтар. Ешқашан алдын-ала төлем жасайтын қаржылық қызметтерге жүгінбеңіз. Ешкімге кредит бергені үшін ақшалай сыйақы бермеңіз және бөтен адамдарға өзіңіз және картаңыз туралы ақпаратты бермеңіз.
Сондай-ақ, кредиторды таңдау кезінде қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:
Егер сіз «жалған кредит берушілерге» тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі полиция бөліміне арыз жазыңыз.
Сұрақ: Қаржылық алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қандай да бір тәсілдер, қауіпсіздік ережелері бар ма?
Жауап: Алаяқтармен қарым-қатынас кезінде ақшалай шығындарды болдырмаудың жалғыз жолы-лотерея ұтып алу, оңай жұмыс істеу немесе тиімді инвестициялар болсын, ақшаға қатысты кез келген ұсыныстарды сыни тұрғыдан қабылдау, ақпаратты бірнеше рет тексеру және маңызды қаржылық шешімдер қабылдаған кезде ешқашан асықпау. Өзіңізді және ақшаңызды қаржылық алаяқтардан қорғау үшін цифрлық гигиенаны сақтаңыз:
Мұқият және сақ болыңыз! Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!