www.bank-ombudsman.kz
office@bank-ombudsman.kz
+7 (727) 261-22-16
+7 (708) 983-30-16
+7 (727) 983-30-16
Адамдардың сенгіштігі мен қорқынышын өз мақсатына пайдалану: алаяқтар қандай психологиялық әдістерді қолданады

ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылдың басынан бері еліміз бойынша 13,7 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Алаяқтардың айла-тәсілдеріне тек егде жастағы адамдар ғана емес, сонымен қатар жоғары білімі бар және IQ деңгейі жоғары азаматтар да түсіп қалады.

Алаяқтар қандай психологиялық әдістерді қолданады және оларға қалай қарсы тұруға болады, мұны біз бүгін Fingramota.kz-пен бірге талқылаймыз.

Алаяқтар қандай психологиялық әдістерді қолданады

Алаяқтың стереотиптік портреті әдетте мынадай болып келеді: ол эмоционалды интеллектісі төмен және басқа адамның сезімін түсіне алмайтын адам. Алайда, эмпатияның болмауы оның басқа адамдарға айла-шарғы жасауына кедергі болмайды. Олар жақсы психологтар, көбінесе сүйкімді болып келеді, адамға тез ұнап қалатынымен немесе олардың аяушылығын тудыра білетіндігімен азаматтардың сеніміне оңай енеді.

Сондай-ақ, алаяқтар керемет спикерлер, олар белгілі бір уақытта қандай ауызша сөз оралымдарын қолдану керектігін, қандай интонациямен сөйлесу керектігін және қандай хабарлама жасау керектігін біледі. Мысалы, азаматтарға олардың қатысуынсыз кредит ресімделгені немесе ақша қаражаты аударылғаны туралы хабарлайды. Жәбірленушіні қорқыныш билейді, біраз уақыт ұтымды ойлау қабілетін жоғалтады, міне, осы кезде «қамқор» сұхбаттасушы көмектесе алатынын айтады – сізге тек деректерді хабарлау керек, қалғанын банк өзі реттейді.

Көбінесе алаяқтар, әсіресе қазіргі мотивациялық бизнес-курстар қаптап кеткен кездегі азаматтардың тез байып кетуді ойлайтын ниетін пайдаланады.  Алаяқтар жылдам және дәл қазір шешім қабылдауды талап етеді – олар жәбірленушіге ойлануға уақыт жоқ, әйтпесе сіз өз мүмкіндігіңізді жіберіп аласыз дейді. Содан кейін адамдар күмәнді ұйымдарға ақша салады немесе «жалған кредиторлардан» қарыз алады.

Егде жастағы адамдарға кең таралған психологиялық әдіс – беделмен қысым көрсету әсер етеді. Зейнеткерлер көбіне мемлекеттік органдар мен полицияға сеніп дағдыланған, сондықтан егер оларға өзін ҰҚК қызметкері болып таныстырған адам жүгінсе, олар оған сенеді. Ақшаны беру немесе құпия деректерді хабарлау қажет қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектесу туралы билік өкілінің өтінішіне көмектесіңіз. Егер адам күмәндана бастаса, мемлекеттік арнайы операцияға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін айтып қорқытады. Алаяқтар интернет пен                   IT-технологиялардың дамуымен әккі-шебер бола бастағанын да ұмытпауымыз керек – олар өздерінің жеке мүдделеріне қолдану үшін барлық жаңалықты зерделейді.

 

Алаяқтарды қалай анықтауға болады?

№ 1 белгі: Алаяқ әрқашан сізбен бірінші болып байланыс орнатады. Олар өздері қоңырау шалып немесе әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатады және еліктіретін ұсыныстар жасайды немесе аңғалдығыңыз бен қорқақтығыңызды пайдаланып, ақшаңызды алып алады. Мұндай қоңыраулар мен хабарларға жеңіл-желпі қарамаңыз – бұл сізді алаяқтардан қорғайтын цифрлық гигиенаның бір бөлігі.

№ 2 белгі: Алаяқтармен әңгіме әрқашан қаржы төңірегінде өрбиді. Қаскүнемдер өздерін банктің, мемлекеттік мекемелердің немесе ірі дүкендердің қызметкерлері ретінде таныстырады, бірақ олардың әңгімесі әрқашан ақшаға қатысты болады. Әрине, алаяқтың сізге қоңырау шалғанын 100% дәл анықтау мүмкін емес, бірақ сақ болыңыз, ақшаға келгенде бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеңіз.

№3 белгі: Олар конфиденциалды ақпаратты жария етуді сұрайды. Банктің немесе құқық қорғау органдарының бірде бір қызметкері сізден төлем картасының деректемелерін, құпия сөзді және CVV-код сұрамайды.  Бұған олардың қызметтік этикасына сәйкес қатаң тыйым салынған. Сол себепті бөтен адамдар қорқытып, қоқан-лоққы жасаса да жеке ақпаратыңызбен бөліспеңіз.

№4 белгі: Қаскүнемдер сізді түрлі эмоцияларға итермелейді. Алаяқтар, әдетте, адамның психологиясын жақсы біледі, сол себепті олар сіздің жанды жеріңізге басып, қалыпты жағдайыңыздан шығаруға тырысады. Оған бой алдырмаңыз, дұрысы, өзіңіз банктің немесе мемлекеттің органның байланыс орталығына телефон соғып, мән-жайды нақтылаңыз.

№5 белгі: Сізді шешім қабылдауға асықтырады. Алаяқтар әдейі  өздерінің құрбандарын ойлануға уақыт қалмайтын жағдайға әкеледі. Дереу шешім қабылда,  немесе өкінесің – алаяқтардың әдетте айтатын сөзі, себебі адамның күйзеліс жағдайында сасқалақтап, абдырап қалатынын жақсы біледі.   Егер де бейтаныс біреулер сізді асықтырып, шешім жасауға мәжбүрлесе,   әңгімені доғарып, жағдайды жан-жақты ойластырыңыз. Қажет болса, Сіз кез келген уақытта қайта хабарласа аласыз.

 

Алаяқтардан қалай қорғануға болады?

1. Сын тұрғысынан пайымдаудың маңызы туралы ұмытпаңыз – бейтаныс адамдармен сөйлескен уақытта олардың сіздің эмоцияларыңызды басқаруға жол бермеңіз, олардың сөздері мен іс-әрекеттеріне талдау жасаңыз. Есіңізде болсын, сіздің олардың алдында ешбір міндетіңіз жоқ және жауап бермеуге немесе кетіп қалуға құқығыңыз бар. 

2. Қатты сенімді болмаңыз – шамадан тыс сенімділіктің алаяқтардың құрбаны болу қаупін арттыратыны туралы зерттеулер бар.  Сіз алаяқтардың барлық схемасы мен олардың тәсілдерін біле алмайсыз, сондықтан сақ болыңыз және абайлаңыз.

3. Ешқашан дереу жауап бермеңіз, алдымен ойланыңыз – сізге ұсыныстың бір-екі минутта күшін жоятыны туралы айтуы мүмкін, бірақ олай емес. Егер сізге расында лайықты нәрсе ұсынатын болса, онда оның мерзімі мұндай қысқа болмайды.

4. Үнемі өзіңіздің сенетін жақындарыңызбен кеңесіңіз – бір қарағанда жағдай сондай да бір қорқынышты немесе біржақты болып көрінбеуі мүмкін. Және сіз ақшаңыз бен жүйкеңізді сақтап қалуы мүмкін бағалы кеңес алауыңыз мүмкін. Бұдан басқа, сіздің жағдайыңызды басынан кешпеген адамға талдау жасау оңай болады және ол қауіпті тезірек байқайды.

5. Сізге әлдебір ұсыныстарды табандылықпен ұсынатын адамдармен сөйлеспеңіз, дұрысы сыпайы түрде бас тартыңыз. Егер сіз үшін олай жасау қиын болса, онда ұсынысты қабылдамайтыныңызды білдіретін сөздермен психологиялық тәсіл ойлап тауып, әңгімелесу кезінде пайдаланыңыз. Мысалы, «мен мұны әпкеммен талқылауым керек» деген тіркестерді қолданыңыз. Сол арқылы сіз «ұсыныстан» тікелей бас тартпасаңыз да, әңгімені аяқтайсыз.

6. Сізге эмоционалды түрде қысым жасауға жол бермеңіз. Білікті қызметкерлер мен лауазымды адамдар ешқашан да адамдардың сезімдерімен ойнамайтынын ұмытпаңыз. Олар орнықты алгоритмге сай амал етеді, егер одан ауытқып кетсе, әбден тығыраққа тіреуі мүмкін. Ал өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам сізге қоқан-лоқы көрсетсе немесе ашуландырса, әңгімені тоқтатыңыз, себебі сізбен сөйлесіп тұрған – алаяқ болуы мүмкін.

7. Нақты сұрақтар қойып, әңгімелесуді жазып алып жатқаныңызды ескертіңіз. Қоңырау шалушы адамның деректерін, оның жұмыс орнының мекенжайын, лауазымын, сондай-ақ сізге қандай мәселемен қоңырау шалып жатқанын сұрап алыңыз. Оның үстіне жауаптарды жазылып жатқаныңыз алаяқтарды қорқытып қана қоймай, сондай-ақ сізге эмоционалды қысым жасағанда дұрыс ойлауға мұрша бермеген  өз талдаушылық қабілетіңізді белсендіруге көмектеседі.

 

Өзіңізді, ақшаңызды қауіпсіздендіріп, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Қазақстан Қаршыгерлер Қауымдастығы
Бірінші кредиттік бюро
Сақтандыру Омбудсманы
Ресей Федерациясының Қаржы омбудсмені