Алматыда «Капитал нарығы күні» дөңгелек үстелі өтті

Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, KASE, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, банктердің, сақтандыру ұйымдарының, институционалдық инвесторлар өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық консультанттар мен сарапшылардың қатысуымен «Капитал нарығы күні»  дөңгелек үстелі өтті.

Дөңгелек үстел барысында қор нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру және нарықтық тетіктер арқылы экономиканы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Іс-шараны ашқан кезде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова капитал нарығы экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Капитал нарығы қаржылық делдалдықтың аса маңызды тетігі болып табылады. Оның рөлі инвестицияларға жинақтарды қайта бөлу ғана емес, сонымен қатар мемлекет, квазимемлекеттік сектор, жеке компаниялар, шағын және орта бизнес, сондай-ақ инновациялық кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың орнықты арнасын құру болып табылады», – деп атап өтті Агенттік басшысы.

М. Әбілқасымованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан капитал нарығы  орнықты дамуды көрсетуде. Акциялар нарығын капиталдандыру  39 трлн теңгеге жетті, бұл ІЖӨ-нің шамамен 24%-ын құрайды, корпоративтік облигациялар көлемі 16 трлн теңгеден асты немесе ІЖӨ-нің шамамен 10%-ын құрады. KASE сауда жүйесінде 76 эмитент акцияларының 89 шығарылымы және 158 эмитенттің корпоративтік облигацияларыың 717 шығарылымы айналысқа түседі. Орталық депозитарийдегі шоттар саны 5 млн шоттан  асты, бұл бөлшек және корпоративтік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, нарықтық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда және қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесімен ықпалдастыру жөніндегі шаралар іске асырылуда.

Сонымен қатар, Агенттік Төрағасы капитал нарығын одан әрі дамыту әлеуеті елеулі болып қалатынын атап өтті. Негізгі сын-қатерлердің ішінде нарықтың жеткіліксіз өтімділігі, белсенді инвесторлардың шектеулі базасы, сондай-ақ бизнес субъектілерінің қор нарығын ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі ретінде жеткіліксіз пайдалануы сақталып отыр.

Осыған байланысты Агенттік Ұлттық Банкпен және халықаралық консультанттармен бірлесіп Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заңды әзірлеуде. Құжаттармен жұмыс Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясының, сондай-ақ кәсіби қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылуда.

Құжаттар капитал нарығының заманауи және орнықты моделін қалыптастыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикаға ұзақ мерзімді инвестициялардың әкелінуі үшін жағдай жасауға бағытталған. Жаңа заңнама шеңберінде инвесторлар базасын кеңейту, зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыру құралдарын дамыту, «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу және бағалы қағаздар эмиссиясы рәсімдерін толық цифрландыру көзделеді. Сондай-ақ, биржалық, клирингтік және депозитарлық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа қаржы құралдарын дамыту және корпоративтік басқару мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарлануда.

Халықаралық депозитарлық және есеп айырысу жүйелерімен өзара іс-қимылды дамытуды, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін инфрақұрылымдық және реттеушілік кедергілерді жоюды қоса алғанда, қазақстандық капитал нарығын халықаралық қаржы жүйесіне ықпалдастыруға ерекше назар аударылатын болады.

Агенттік басшысы атап өткендей, капитал нарығын дамыту стратегиясын әзірлеу мемлекеттің, инфрақұрылымдық ұйымдардың және нарыққа кәсіби қатысушылардың бірлескен жұмысын талап етеді.

 Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан капитал нарығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірледі.

Источник: www.gov.kz