Нұрпейісов Дархан Қадырбайұлы Қазақстан Банк омбудсманы болып қайта сайланды.

2025 жылдың 11 шілдесінде Банк омбудсманының сайлауы өтті

Сайлау рәсімі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 40-1-бабының 3-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы №53 қаулысымен бекітілген Банк омбудсманын сайлау, өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және қызметін жүзеге асыру қағидаларына, сонымен қатар осы процестің заңдылығын, ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ететін ішкі рәсімдерге сәйкес жүргізілді.

Банк омбудсманын сайлау өкілетті орган — Өкілдер кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Аталған кеңестің құрамына Заңның 40-1-бабының 3-тармағына сәйкес төмендегілердің әрқайсысынан бір өкіл кіреді:

  • жеке тұлғаларға банктік қарыздар беретін əрбір банктен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан;
  • əділет органдарында тіркелген жəне қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға жəне қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің қауымдастығы (одағы) жəне (немесе) тұтынушылардың республикалық қоғамдық бірлестігі болған жағдайда, олардан;
  • əділет органдарында тіркелген жəне банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің ортақ мүдделерін білдіруге жəне қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын қаржы ұйымдарының қауымдастығынан (одағынан);
  • уəкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен бір — бір өкілден қалыптастырылады.

Өкілдер кеңесі шешім қабылдау барысында қаржы секторының, мемлекеттің және қаржы қызметтері тұтынушыларының мүдделерін ескере отырып, жан-жақты және теңгерімді тәсілді қамтамасыз етеді.

Кеңес мүшелері белгіленген мерзімде екі кандидатураны ұсынды, оның ішінде қазіргі Банк омбудсманыда  кандидатурасы болды.

Дауыс беру рәсімі жасырын дауыс беру арқылы бюллетеньдерді пайдалану жолымен жүргізілді. Дауыстарды санауды Өкілдер кеңесі уәкілеттік берген есеп комиссиясы жүзеге асырып, тиісті хаттамамен бекітті.

Дауыс беру нәтижесі бойынша көпшілік дауыспен Банк омбудсманы лауазымына 3 (үш) жыл мерзімге Дархан Қадырбайұлы Нұрпейісов қайта сайланды.

Дархан Қадырбайұлы банктік және құқықтық салаларда, соның ішінде банк қарыз шарты бойынша туындайтын дауларды шешу, қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтарын қорғау және қаржы заңнамасын жетілдіруге сараптамалық қатысу саласында мол тәжірибеге ие. Оның қайта сайлануы банктер мен қарыз алушылар арасындағы дауларды сотқа дейін шешу жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етпек.

Банк омбудсманы институты — жеке тұлғалар-қарыз алушылар мен банктер немесе жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы дауларды сотқа дейін реттейтін тәуелсіз орган болып табылады. Омбудсманның қызметі дауларды объективті қарауға, тараптардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әділ шешім қабылдауға және қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған.

Анықтама үшін:

Нұрпейісов Дархан Қадырбайұлы — заң ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. 1974 жылғы 6 сәуірде Талдықорған қаласында дүниеге келген.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Сондай-ақ Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ халықаралық бизнес мектебінің Executive MBA бағдарламасы бойынша стратегиялық менеджмент мамандығын меңгерген.

Ол Венгриядағы Орталық Еуропа университетінде, Франциядағы Ұлттық магистратура мектебінде, Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотта, сондай-ақ Мысыр, Германия, Ресей және АҚШ-тағы ғылыми орталықтарда курстардан және тағылымдамадан өткен.

Құқықтық, ғылыми, банктік және қаржы салаларында мол тәжірибеге ие. Алматы қаласының Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында, сондай-ақ заң компаниялары мен ғылыми институттарда басшылық қызметтер атқарған. Бұрын Банк омбудсманы кеңесшісі болған, ал 2023 жылғы шілдеден бастап  2 жыл мерзімге Банк омбудсманы лауазымына сайланған.

100-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Мемлекеттік және халықаралық марапаттардың иегері. «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.