«Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның қабылдануымен іс-қимылды қадағалауды енгізу реттеудің басым бағыттарының біріне айналды. Қабылданған заңнамалық өзгерістер шеңберінде қаржы нарығының жұмыс істеуіне қатысты жаңа тәсілдер туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов айтып берді.
— Тимур Бөкейханұлы, қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бұрыннан бар. «Іс-қимылды қадағалау» деген жаңа ұғымды енгізу неліктен қажет болды? Оның бұрынғыдан түбегейлі айырмашылығы неде?
Дәстүр бойынша, азаматтардың құқықтарын қорғау реактивті модельге негізделді, ол кезде реттеуші негізінен орын алған фактілер бойынша шағымдарды қарау кезеңінде қосылатын. Өз кезегінде, іс-қимылды қадағалауды дамыту алдын алу моделіне көшуді білдіреді. Бұл орайда мәселе тек жаңа нормативтер туралы ғана емес, сонымен қатар жаңа қадағалау жаттығулары жүйесін енгізу туралы. Бұл өнімнің бүкіл өмірлік циклін – оны әзірлеуден бастап іске асыруға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ретте шарттың заңға ресми сәйкестігі ғана емес, қаржы институттарының өз клиенттеріне нақты қатынасы да бағаланатын болады. Ағымдағы кезеңнің түбегейлі айырмашылығы оның жүйелі болуында. Біз банктер мен микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды жауапты практикалардың бірыңғай экожүйесіне жинақтадық. Бұл қадағалау бизнес-модельдердегі кемшіліктерді анықтауға және жосықсыз сатылымдардың алдын алуға бағытталған бірыңғай қағидаларды қалыптастырады. Бұл тәсіл басты назарды формалды құжат айналымынан тұтынушымен өзара іс-қимылдың нақты сапасына аударады.
— Іс-қимыл стандарттарын енгізу банктер мен МҚҰ-дан ішкі процестерді едәуір қайта құруды талап ететіні анық. Нарық жаңа қағидаларға қаншалықты тез бейімделуі керек және бұл үшін өтпелі кезеңдер көзделген бе?
Біз бұл өзгерістерді кәсіби қоғамдастықпен өткен жылдың басында банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасын дайындау аясында талқылай бастадық. Біз үшін нарықтың алдын ала дайындала бастауы маңызды болды. Өткен жыл тетіктерді егжей-тегжейлі пысықтауға арналды және бұл жұмыстың нәтижесі 2026 жылғы сәуірде қабылданған нормативтік құқықтық актілер топтамасы болды. Бұл құжаттар жаңа іс-қимыл моделінің негізін қалайтын жаңартылған қызмет көрсету және тұтынушылармен өзара іс-қимыл қағидаларын қамтиды.
Мерзімдерге келетін болсақ, біз кезеңділік қағидатын ұстанамыз. Қабылданған нормативтік құқықтық актілердің негізгі бөлігі ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік 60 күннен кейін күшіне енеді. Бұл қаржы ұйымдарына ішкі рәсімдерді түзетуге және қызметкерлерді негізгі стандарттарға үйретуге уақыт береді.
Алайда барынша күрделі технологиялық өзгерістер үшін ұзақ мерзімдер қарастырылған. Атап айтқанда, өнімдерді басқару жүйелерін құруға және жосықсыз практикаларды бақылауға қойылатын талаптар
2026 жылғы 1 шілдеден бастап міндетті болады. Бұл тәсіл банктер мен микроқаржы ұйымдарына операциялық тұрақтылыққа нұқсан келтірместен алдын алатын қадағалауға сапалы көшуді қамтамасыз ете отырып, өзінің IT-архитектурасы мен бизнес-процестерін жоспарлы түрде қайта құруға мүмкіндік береді.
– Іс-қимылды қадағалау іс жүзінде қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерінің өзара іс-қимыл жасау қағидаларын өзгертеді. Қызмет көрсету қағидаларында нақты не өзгереді?
Бірінші кезекте қаржы өнімдерінің жарамдылығын бағалау тетігі енгізіледі. Енді банк немесе микроқаржы ұйымы кірістерді формальды түрде тексеріп қана қоймай, таңдалған өнімнің мақсатқа сәйкес келетінін растауға міндетті. Егер банк өнімнің «болжамды зиян» келтіру қаупін көрсе, ол оны анықтауға және алдын алуға міндетті. Мысалы, адам кредит алуға келгенде, оған сақтандыру құжаты немесе қажеті болмайтын қосымша карта сияқты қосымша өнімдерді мәжбүрлемеу керек. Мәселе кез келген ұсынылған өнім қаржы ұйымы үшін комиссиялық кірісті жинақтап ғана қоймай, клиент үшін құнды болуында.
Ашықтықтың тағы бір маңызды құралы – «негізгі ақпараттық құжат». Негізгі шартқа қосымша клиент Негізгі ақпараттық құжатты алады. Бұл – өнімнің қысқаша паспорты. Ол шартты алмастырмайды, бірақ тұтынушыға құжаттарға қол қоймас бұрын ең маңызды өлшемдермен және тәуекелдермен тез танысуға мүмкіндік береді. Онда тек маңызды өлшемдер үлкен қаріппен жазылған. Мысалы, нақты мөлшерлеме, толық артық төлем және ықтимал тәуекелдер. Бұл тұтынушыға мәміленің мәнін тез көріп, түрлі институттардың ұсыныстарын шынайы салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте шарттағы қаріпке, қажетті ақпаратты ашудың толықтығына және оны ресімдеу тәртібіне қойылатын белгіленген талаптар сақталады.
Сонымен бірге жасырын қызметтерді мәжбүрлеуге шектеу қойылады. Мобильді қосымшаларда немесе шарттарда әдепкі бойынша қоя салатын, алдын ала белгіленген келісімдерді пайдалануға тікелей тыйым салынады. Кез келген қосымша қызмет клиенттің белсенді және саналы таңдауының нәтижесі болуы керек. Егер адам банкте немесе микроқаржы ұйымында кредит ресімдесе, ол негізгі шартқа қоса «автоматты түрде» ұсынылатын ілеспе қызметтердің қажет не қажет емес екенін өзі шешуі керек. Бұл тұтынушының іс-қимылымен айла-шарғы жасауды болдырмайды және қызмет алу процесін адал етеді.
Бұдан басқа біз қызметкерлерді ынталандыру тәсілдерін қайта қарастырамыз. Банк немесе микроқаржы ұйымы қызметкерлерінің KPI тек сату көлеміне байланысты болмауы керек. Бонус тек сатылған сақтандыру құжаттары немесе кредит санына байланысты болған кезде, бұл адамның қажеттіліктерін ескермей агрессивті түрде сатуға итермелейді. Осы шаралардың бәрі жосықсыз практикаларға жол бермеуге бағытталған. Біз клиенттің іс-қимылымен айла-шарғы жасау қаржы институттары үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын ортаны құруға көшеміз.
– Агенттік жаңа стандарттардың нарыққа қатысушылар жағында іс жүзінде сақталуын бақылауды қалай жоспарлап отыр? Ұйымдардың формальды есептілік шеңберінен тыс нақты іс-қимылын бағалау үшін реттеуші қадағалаудың жаңа құралдарын енгізуді жоспарлап отыр ма?
Жауапкершіліктің жаңа стандарттарын енгізудің қадағалау құралын түбегейлі өзгертуді талап ететіні сөзсіз. Біз бірнеше негізгі деңгейден тұратын кешенді мониторинг экожүйесін құруға көшіп жатырмыз.
Біріншіден, қадағалап бағалау моделі енгізілуде, оның шеңберінде біз қаржы ұйымдарының ішкі басқару жүйелері мен бизнес-процестерін бағалайтын боламыз. Өнімді басқару блогына ерекше назар аударылады. Біздің мақсатымыз – клиент мүдделерінің қаржы өнімінің архитектурасына бастапқыда, жобалау кезеңінде-ақ енгізілгеніне көз жеткізуге мүмкіндік беретін өнімді басқару моделін енгізу.
Екіншіден, біз заманауи технологиялық шешімдерді ықпалдастыра отырып, «жасырын сатып алу» құралын күшейтіп жатырмыз. Жасанды интеллект негізіндегі алгоритмдерді қолдану консультация беру сапасын эпизодтық тексерулерден жүйелі талдауға және қызметтерді жасырын тықпалауды анықтауға көшуге қажетті құрауыш болып табылады.
Үшіншіден, тұтынушылардың жолданымдарымен жұмысты түбегейлі өзгертеміз, жолданымдардың жыл сайынғы көлемі 170 мыңнан асады. Жасанды интеллект негізіндегі жүйелердің көмегімен біз нақты ұйымдар мен қаржы өнімдері бойынша жүйелік кемшіліктерді анықтау үшін аталған деректер массивіне талдау жасаймыз. Негізінде, қабылданған нормативтік құқықтық актілердің көптеген нормалары азаматтардың шағымдарын талдаудың нәтижесі болып табылады. Біз барынша көп наразылық тудырған не клиенттер үшін нақты құндылық болып саналмайтын практикаларды ресмилендіріп, тыйым салдық.
Сондай-ақ, қадағалау практикасына кезең-кезеңімен іс-қимыл метрикалары енгізілуде. Бұл – бізге іс-қимыл тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін сандық индикаторлар жиынтығы. Аталған көрсеткіштер қабылданбаса, реттеушінің дереу араласуы үшін триггерлер іске қосылады. Осылайша, біз шағымдарды реактивті түрде қараудан ерте бастан жұмыс істейтін алдын ала қадағалауға көшеміз.
Қорытындылай келе, іс-қимылды қадағалауды енгізудің нарық мәдениетін түбегейлі өзгерту екенін атап өткім келеді. Біз тұтынушының ұзақ мерзімді сенімі қаржы институты үшін қысқа мерзімді комиссиялық пайдаға қарағанда барынша бағалы активке айналатын орта құрамыз.
Дереккөз: Kapital.kz



